Киелі жазбалар
Пайғамбар Жозеф Смиттің куәлігі


Пайғамбар Жозеф Смиттің куәлігі

Міне, Жозеф Смит пайғамбардың Мормон кітабының пайда болуы туралы айтқан сөздері:

«Жиырма бірінші қыркүйектің кешінде [1823 ж.] … мен дұғаға беріліп, Құдіретті Құдайға жалбарындым. …

Мен осылайша Құдайды шақырған кезде, бөлмемде жарық пайда болғанын байқадым, оның жарықтығы тал түскі жарықтан да жарық болғанға дейін өсе берді, сол сәтте дереу менің төсегімнің жанында ауада тұрған адам пайда болды, өйткені оның аяғы еденге тимеді.

Ол үстіне аппақтығы керемет таңдаулы киім киген. Оның ақтығы, мен қашанда жер бетінде көрген барлық нәрсені асып түседі және осы дүниеде қандай да бір заттың осындай ақ және жарқын болатынына сенімді емеспін. Оның алақаны мен оның қолдары да білектен сәл жоғары ашық; сонымен қатар, оның аяқтары да тобықтан сәл жоғары жалаңаш еді. Оның басы мен мойны да ашық. Мен оның үстінде осы киімнен басқа киім жоқ екенін байқадым; мен оның кеудесін көре алдым, себебі оның жағасы ашық еді.

Оның үстіне киген киімі қаншалықты ақ жарқын болса, оның бүкіл болмысы да сипаттаудан тыс керемет жарқын еді, сондай‑ақ оның жүзі де найзағайдай жарқын көрінді. Бөлме керемет жарыққа толды, бірақ оның айналасын қоршаған жарыққа мүлде ұқсамайды. Бірінші рет оған қарағанымда, мен қорықтым, бірақ көп ұзамай, қорқыныш мені қалдырды.

Ол мені атыммен атады және маған оның Құдайдың жіберген елшісі екенін және оның аты Морони екенін айтты; Құдайдың маған тапсырған жұмысы бар екенін; және менің атым барлық ұлттардың, тайпалардың және тілдердің арасында жақсылықта да, жамандықта да белгілі болады, немесе барлық адамдар арасында мен туралы жақсылық та, жамандық та айтылатын болады деді.

Ол маған алтын парақтарға жазылған және осы құрлықтың бұрынғы тұрғындары мен олардың шыққан жері туралы баяндалған жасырын кітап туралы айтты. Ол тағы Құтқарушы осындағы ежелгі тұрғындарға берген мәңгілік Інжілдің толықтығы осы кітапта қамтылғанын айтты.

Сондай‑ақ, парақтармен бірге күміспен қапталып салынған – екі тас жасырынған, ол тастар кеуде қалқанына бекітілген, олар Урим мен Туммим – деп аталады және бұл тастарды ежелгі немесе ерте заманда иеленгендер мен қолданғандар «көріпкерлер» болып танылатын; және Құдай оларды осы кітапты аудару үшін дайындаған. …

Оның тағы маған айтқаны, ол ескерткен парақтарын алған кезімде – оларды алатын уақыт әлі туған жоқ – оларды маған көрсетуге рұқсат берілген адамдардан басқа ешкімге көрсетуге болмайды деді және Урим мен Туммим бекітілген кеуде қалқанын да, егер мен оның айтқанын орындамасам, мен құрыдым. Ол менімен сол парақтары туралы сөйлесіп жатқанда, менің ойыма бір көріс көрінді, сол парақтар жатқан орынды елестетіп оны мен анық және айқын көре алдым, ал сол орынға барған кезде, ол жер маған таныс болып көрінді.

Осы хабардан кейін мен бөлмедегі жарықтың менімен сөйлескен адамның айналасына бірден жинала бастағанын көрдім, тек сол адамның айналасынан басқа, бөлме қайтадан қараңғыға батқанша осылай жалғаса берді; мен бірден аспанға ашылған жолды көрдім, онда ол көтеріліп, мүлде жоғалып кетті, ал бөлме осы көктегі жарық пайда болғанға дейін бұрынғы күйінде қалды.

Бұл ғажайып көрініс туралы ойланып жатып, мен сол керемет хабаршының маған айтқан сөздеріне таңқалдым, бір кезде мен ойға батып жатқан кезімде менің бөлмеме қайтадан жарық түсе бастағанын байқадым, және бір сәтте, дәл сол көктегі хабаршы менің төсегімнің қасында қайтадан пайда болды.

Ол маған бірінші рет келгенде маған айтқан сөздерін еш өзгеріссіз қайтадан қайталап айта бастады; соны істеп, ол маған ашаршылықтан, семсерден және індеттен жермен‑жексен болатын ұлы үкімдер туралы; және де, бұл ауыр үкімдер осы ұрпаққа жер бетіне келетіні туралы да хабардар етті. Осы нәрселерді айтып, ол бұрынғыдай қайтадан жоғары көтерілді.

Сол мезетте, менің ақыл‑ойыма болған оқиғаның әсері терең болғаны соншалық, менің көзім ұйқыдан ашылып және мен көргенім мен естігеніме аң‑таң болып, есеңгіреп жаттым. Тағы да менің таңданғаным, сол хабаршы қайтадан менің төсегімнің қасында пайда болып, ол маған қайтадан сол басында айтқандарының барлығын қайталады, және маған алдын‑ала ескертуін қосып айтқаны, шайтан (менің әкемнің отбасында туындаған кедейлік жағдайға байланысты) мына алтын парақтарды баю үшін, өз меншігіме ие болуға мені арбауға тырысады деді, ол. Ол маған парақтарды алуда Құдайды мадақтаудан басқа ешнәрсе болмайтынын және оның патшалығын құрудан басқа ешқандай себеп әсер етпеуі керек деп айтып, тиым салды; басқаша мен оларға қол жеткізе алмаймын.

Сол үшінші рет келгеннен кейін, ол бұрынғыдай аспанға көтерілді, ал мен қайтадан жаңа ғана басымнан өткерген таңғажайып туралы ойланып жаттым; сол көктегі хабаршы үшінші рет көтерілгеннен кейін, дереу әтеш айқайлады, мен таңның жақындап қалғанын байқадым, соған қарағанда біздің әңгімеміз түні бойы созылған сияқты.

Мен көп ұзамай төсегімнен тұрдым да, әдеттегідей күнделікті істермен айналысуға кеттім, бірақ, басқа кездердегідей жұмыс істей бастағанымда, мен күштің таусылғанын сездім, мен ештеңе істей алмадым. Менің қасымда жұмыс істеп жүрген әкем, менімен бірдеңенің дұрыс емес екенін байқады, және маған үйге қайт деп айтты. Үйге қарай жылжыдым, бірақ, біз жұмыс істеп жүрген өрістің қоршауынан кесіп өтпек болғанда, мен күш‑қуатымнан айырылып, дәрменсіз жерге құлап түстім, және біраз уақытқа дейін мүлде ессіз жаттым.

Менің есімде қалған бірінші нәрсе, ол менің атымды атап, мені шақырған дауыс. Басымды көтерсем, бұрынғыдай жарықпен қоршалған сол хабаршының үстімде тұрғанын көрдім. Содан кейін ол маған түнде маған қатысты барлық нәрсені айтты және маған әкеме барып, мен көрген көріс пен өсиеттер туралы айтуды бұйырды.

Мен мойынсұндым; мен далаға әкеме қайтып келдім және оған барлық мәселені қайталадым. Ол маған бұл Құдайдан деп жауап берді және маған хабаршының бұйрығын орындауды айтты. Мен даладан кетіп, хабаршының айтуынша парақтар салынған жерге бардым; және мен көрген көрістің анықтығының арқасында мен сол жерге келген бетте ол орынды тез таныдым.

Нью‑Йорк штатының Онтарио округінің Манчестер ауылына жақын үлкен көлемдегі төбе орналасқан және ол жақын маңдағы ең биік төбе. Бұл төбенің батыс жағында, жоғарыдан сәл төменірек, едәуір мөлшердегі тастың астында тас қорапқа салынған парақтар жатты. Бұл тас қалың, ал сыртынан ортасында дөңес болды және шетіне қарай жұқа, сондықтан оның барлық жиектері топырақпен жабылған болатын, ал тастың ортаңғы бөлігі жерден көрініп тұрды.

Жерді тазалап, мен иінтіректі алып, оны тастың астыңғы шетіне бекітіп тіредім де сәл күш салып оны жоғары көтердім. Мен ішін қарағанымда, расымен хабаршының айтқанындай, онда парақтарды, Урим мен Туммимді және кеуде қалқанын көрдім. Олар жатқан қорап цементтің қандай да бір түріне бекітілген тастардан жасалған. Қораптың ішінде көлденең екі тас жатты, ал сол тастардың үстінде парақтар және олармен бірге басқа да заттар жатты.

Мен оларды шығаруға тырыстым, бірақ хабаршы оған тыйым салды және оларды дүниеге әкелетін уақыт әлі келмегенін, сол уақыттан төрт жылға дейін келмейтінін тағы да хабарлады; бірақ ол маған сол жерге дәл бір жылдан кейін келуім керектігін, менімен кездесетінін, мен парақтарды алу уақыты келгенше осылай жалғастыруымды айтты.

Маған берілген бұйрыққа сәйкес, мен әр жылдың аяғында сол жерге барып тұрдым және әр жолы сол хабаршыны сол жерден тауып, және біздің әр кездесуде одан Жаратқан Иенің ойлары мен Оның Патшалығы осы соңғы заманда қалай және қайтып басқарылатыны туралы нұсқаулар мен ақпараттар алып тұрдым. …

Ақырында парақтар мен Урим мен Туммимді және кеуде қалқанын алу уақыты келді. Қырқүйектің жиырма екісі күні мың сегіз жүз жиырма жетінші жылы, әдеттегідей, мен кезекті жылдың аяғында олар сақталған жерге бардым, сол көктегі хабаршы оларды осы айыппен жеткізді: олар үшін мен жауаптымын деді және егер мен немқұрайлықтан немесе абайсыздықтан олардан айырылып қалсам, менен бас тартатынын айтты, ал егер, сол хабаршы оларды алуға келген уақытқа дейін мен бар күш‑жігерімді салып оны қорғайтын болсам, олар сақтаулы болады.

Мен көп ұзамай олардың қауіпсіздігі үшін қатаң бұйрық алған себебімді білдім және хабаршы менен талап етілген нәрсені орындағаннан кейін олар үшін келетінін айтты. Менде олардың бар екені көп ұзамай белгілі болды, өйткені оларды иемденуге барынша ынталы әрекеттер жасалды. Ойлап табуға болатын кез келген амалдар осы мақсатта қолданылды. Қуғын бұрынғыға қарағанда қатал әрі қатыгез бола бастады, ал көптеген адамдар парақтарды иемденудің барлық мүмкіндігін іздеді. Бірақ Құдайдың даналығымен олар менің қолымда аман қалды, мен олардың көмегімен менен талап етілген нәрсені орындағанша. Келісім бойынша, хабаршы олар үшін келгенде, мен оларды оған тапсырдым; және ол осы күнге дейін оның қарауында, яғни мамырдың екінші күні бір мың сегіз жүз отыз сегізінші жылы».

Толық мәлімет алу үшін Жозеф Смит–Тарихы Інжу Қазынасы кітабын қараңыз.

Бұл ежелгі жазба осылайша шаңнан сөйлеген халықтың дауысы ретінде жерден көтерілді, және Құдайдың сыйы мен құдіреті арқылы қазіргі тілге аударылып, Құдайдың құдіретімен расталды, әлемге алғаш рет ағылшын тілінде 1830 жылы The Book of Mormon ретінде жарық көрді.