Киелі жазбалар
Жақып 3


3‑ші тарау

Жүрегі тазалар Құдайдың ұнамды сөзін қабылдайды. Ламандықтардың әділдігі нефиліктердің әділдігінен асып түседі. Жақып азғындыққа, зинақорлық пен кез келген күнәға қарсы ескертулер жасайды. Шамамен 544–421 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Бірақ міне, мен, Жақып, сендерге, жүректері таза жандарға сөйлегім келеді. Құдайға нық ақыл‑ойыңмен қара және оған асқан сеніммен мінажат ет, сонда ол сендерді қайғы‑қасіреттеріңде жұбатады және сендер үшін араша түседі әрі сендерді жоюды көздейтіндерге әділ үкімін шығарады.

2 Уа, бәрің де жүрегі тазалар, бастарыңды көтеріңдер және Құдайдың ұнамды сөзін қабылдаңдар әрі оның сүйіспеншілігіне бөленіңдер; өйткені ол сендерге қол жетімді, ақыл‑парасаттарың берік болса, мәңгіге.

3 Бірақ қасірет, қасірет саған арам жүрек, осы күні Құдайдың алдында арам болғандар; егер өкінбесеңдер, сендер үшін жер қарғысқа ұшырайды, ал ламандықтар сендер сияқты арам емес, соған қарамастан олар ауыр қарғыспен қарғысқа ұшырап, сендерді тіпті құрту деңгейіне дейін айдап салады.

4 Ал егер тәубе етпесеңдер, олар мұрагерлік жеріңді иемденетін уақыт таяп қалды және Жаратқан Ие әділдерді араларыңнан алып шығады.

5 Міне, ластығы мен терісіне түскен қарғыстары үшін жек көретін бауырларың ламандықтар сендерге қарағанда әділдірек, өйткені олар Жаратқан Иенің біздің әкемізге берген өсиетін ұмытқан жоқ – сондықтан олар тек бір әйелді және олардың бірде‑бір күңі болмас үшін әрі олардың арасында азғындық орын алмас үшін.

6 Ал енді олар осы өсиетті ұстанады; сондықтан осы өсиетті ұстанған адалдығы үшін Құдай Жаратқан Ие оларды жоймайды, қайта оларға мейірімділік танытады; сонда олар бір күні берекелі халық болады.

7 Міне, олардың күйеулері әйелдерін жақсы көреді, ал әйелдері күйеулерін жақсы көреді; сондай‑ақ олардың күйеулері мен олардың әйелдері балаларын жақсы көреді; ал олардың имансыздығы мен сендерге деген өшпенділігі ата‑бабаларының зұлымдығынан; сондықтан ұлы Жаратушының алдында сендер олардан қаншалықты артықсыңдар?

8 Уа, бауырларым, күнәларыңа тәубе етпесеңдер, Құдай тағының алдына олармен бірге әкелінген кезде олардың терісі сендердікінен де аппақ болады деп қорқамын.

9 Сондықтан мен сендерге өсиет етемін, бұл Құдайдың сөзі: терілерінің қараңғылығы үшін енді оларға тіл тигізбеңдер; сондай‑ақ олардың арамдығы үшін оларға тіл тигізбеңдер; ал сендер өз арамдықтарыңды естеріңе алыңдар және олардың арамдығы олардың ата‑бабаларының кесірінен болғанын есте сақтаңдар.

10 Сондықтан сендер балаларыңды еске алыңдар, оларға көрсеткен үлгілерің үшін олардың жүрегін қалай ауыртқандарыңды; сондай‑ақ, арамдықтарыңның кесірінен балаларыңды құрдымға әкеліп және соңғы күні олардың күнәлары сендердің бастарыңа үйіліп төгілуі мүмкін екенін есте сақтаңдар.

11 Уа, бауырларым, сөздеріме құлақ асыңдар; жан дүниелеріңнің қабілеттерін оятыңдар; сендер өлім ұйқысынан ояну үшін өздеріңді шайқаңдар; және шайтанның періштелеріне айналмау үшін, екінші өлім болып табылатын от пен күкірттен тұратын сол көлге лақтырылып тасталмас үшін тозақ азабынан арылыңдар.

12 Ал енді мен, Жақып, Нефи халқына тағы да көп нәрсені айттым, зинақорлық пен азғындық пен күнәнің кез келген түрінен сақтандырып, олардың жан түршігерлік салдары туралы айттым.

13 Міне көбейе бастаған бұл халықтың істерінің жүзден бір бөлігін бұл парақтарға жазу мүмкін емес; бірақ олардың көптеген іс‑әрекеттері үлкен парақтарда жазылған, олардың соғыстары, тартыстары және патшаларының билігі.

14 Бұл парақтар Жақып парақтары деп аталады және олар Нефидің қолымен жасалған. Міне мен осы сөздерді айтып аяқтаймын.