Киелі жазбалар
1‑ші Нефи 11


11‑ші тарау

Нефи Иеміздің Рухын көреді және көрісте оған өмір ағашы көрсетіледі. Нефи Құдай Ұлының анасын көреді және Құдайдың разылығы туралы біледі. Ол Құдай Тоқтысының су рәсімінен өтуін, қызметін және айқышқа шегеленгенін көреді. Ол сондай‑ақ Тоқтының Он екі Апостолдың шақырылымы мен қызметін көреді. Шамамен 600–592 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Міне, дәл солай болды, мен әкем көрген нәрселерді білгім келіп және Жаратқан Иенің оларды маған ашып бере алатынына сеніп, мен отырып жүрегімде ойланып отырған кезімде, Жаратқан Иенің Рухымен иә, мен бұрын‑соңды көрмеген және аяғымды ешқашан баспаған өте биік тауға әкетілдім.

2 Сонда Рух маған былай деді: Міне, сен нені қалайсың?

3 Міне мен былай айттым: Мен әкем көрген нәрселерді көргім келеді.

4 Сонда Рух маған былай деді: Әкең өзі айтқан ағашты көрді дегенге сенесің бе?

5 Міне мен айттым: Иә, әкемнің барлық сөздеріне сенетінімді білесің.

6 Мен осы сөздерді айтқан кезде, Рух қатты дауыспен айқалап, былай деді: Хосанна Жаратқан Ие, Құдіреті шексіз Құдайға; өйткені ол бүкіл жер бетіндегі Құдай, иә, тіпті бәрінен де жоғары. Міне сен бақыттысың, Нефи, өйткені сен Құдіреті шексіз Құдайдың Ұлына сенесің, сондықтан, сен қалаған нәрселерді көресің.

7 Міне, мынау саған белгі ретінде беріледі: сенің әкең дәмін татқан жеміс беретін ағашты көргеннен кейін, сен сондай‑ақ көктен түсіп келе жатқан адамды көресің және сен оны көрген соң, сен оның Құдай Ұлы екеніне куәлік етесің.

8 Міне, дәл солай болды, Рух маған былай деді: Қара! Міне мен қарадым және ағашты көрдім; және бұл менің әкем көрген ағашқа ұқсайды; және оның сұлулығы әлдеқайда асып түсті, иә, барлық сұлулықтан тыс; ал ағаштың ақтығы аспаннан түскен қардың ақтығынан да асып түсті.

9 Міне, дәл солай болды, мен ағашты көргеннен кейін, Рухқа былай дедім: Көріп тұрмын, сен маған ең қымбат ағашты көрсеттің.

10 Сонда ол маған былай деді: Сен нені қалайсың?

11 Міне мен оған былай дедім: Оның түсінігін білу үшін, өйткені мен онымен адам ретінде сөйлестім, өйткені мен оның адам кейпінде екенін көрдім; соған қарамастан, мен оның Жаратқан Иенің Рухы екенін білдім; ол менімен бір адам екіншісімен сөйлескендей сөйледі.

12 Міне, дәл солай болды, ол маған былай деді: Қара! Міне мен оған қарағандай болып қарадым, бірақ мен оны көрмедім; өйткені ол менің алдымнан кетіп қалды.

13 Міне, дәл солай болды, мен қарадым да ұлы қала Иерусалимді және тағы басқа қалаларды көрдім. Міне мен Назарет қаласын көрдім; Назарет қаласында мен пәк қызды көрдім және ол өте сұлу әрі аппақ еді.

14 Міне, дәл солай болды, мен көктің ашылғанын көрдім; сонда бір періште түсіп, алдыма келіп тұрды; міне ол маған былай деді: Нефи, сен не көріп тұрсың?

15 Мен оған былай дедім: Пәк қызды, басқа қыздардың ішіндегі ең әдемісі де ең сұлуы.

16 Міне ол маған былай деді: Құдайдың разылығын білесің бе?

17 Міне, мен оған былай дедім: Мен оның өз балаларын жақсы көретінін білемін; соған қарамастан, мен барлық нәрсенің мағынасын білмеймін.

18 Сонда ол маған былай деді: Міне, сен көріп тұрған пәк қыз — Құдайдың Ұлының тән бейнесіндегі анасы.

19 Міне, дәл солай болды, мен оның Рухтың жетегінде кеткенін көрдім; міне ол біраз уақыт бойы Рухтың жетегінде кеткен соң, періште маған сөйлеп, былай деді: Қара!

20 Міне мен қарадым және құшағында бала көтерген сол пәк қызды тағы көрдім.

21 Міне періште маған былай деді: Міне, Құдайдың Тоқтысы, иә, Мәңгілік Әкенің Ұлы! Әкең көрген ағаштың мағынасын білесің бе?

22 Мен оған былай деп жауап бердім: Иә, бұл адам баласының жүрегіне барлық жерде төгілген Құдайдың сүйіспеншілігі; сондықтан ол барлық нәрселердің ішіндегі ең қалаулысы.

23 Міне ол маған сөйлеп, былай деді: Иә, және бұл жан үшін ең қуаныштысы.

24 Осы сөздерді айтқаннан кейін ол маған былай деді: Қара! Міне мен қарадым және мен Құдай Ұлының адам балаларының арасында жүріп келе жатқанын көрдім және мен көпшіліктің оның аяғына жығылып, оған табынып жатқанын көрдім.

25 Міне дәл солай болды, мен әкем көрген темір ұстама тірі судың бұлағына немесе өмір ағашына апаратын Құдайдың сөзі екенін көрдім; ал бұл сулар Құдайдың сүйіспеншілігін білдіреді; сондай‑ақ мен өмір ағашы Құдайдың сүйіспеншілігін білдіретінін де көрдім.

26 Періште маған тағы да былай деді: Құдайдың разылығын қара да көр!

27 Міне мен қарадым және әкем айтқан әлем Өтемшісін көрдім, сондай‑ақ оған жол дайындайтын пайғамбарды да көрдім. Міне Құдайдың Тоқтысы шықты және оның қолынан су рәсімінен өтті; ол су рәсімінен өткеннен кейін мен көктің ашылғанын және Киелі Рухтың көктен түсіп, көгершін кейпінде оның үстіне қонғанын көрдім.

28 Міне мен оның күш қуат пен ұлы даңқта халыққа қызмет ету үшін шыққанын көрдім; міне көпшілік оны тыңдау үшін бірге жиналды; және олар оны өз ортасынан қуып шыққанын көрдім.

29 Міне мен оның соңынан еріп келе жатқан тағы он екі адамды көрдім. Міне, дәл солай болды, менің алдымнан олар Киелі Рухтың жетегінде кетіп қалды және мен оларды көрмедім.

30 Міне, дәл солай болды, періште маған тағы да сөйлеп, былай деді: Қара! Міне мен қарадым және көктің қайтадан ашылғанын көрдім және періштелердің адам баласына түсіп жатқанын көрдім; және олар оларға қызмет етті.

31 Міне ол маған тағы да тіл қатып, былай деді: Қара! Міне мен қарадым және Құдайдың Тоқтысы адам баласының арасында келе жатқанын көрдім. Міне мен топырлаған адамдарды көрдім, олар ауыруға шалдыққан және олар әр түрлі ауру‑сырқаулар мен жын‑перілер және арам рухтардан зардап шеккендер; міне періште сөйледі және мұның бәрін маған көрсетті. Міне олар Құдай Тоқтысының құдіретімен сауығып кетті және жындар мен арам рухтар қуылды.

32 Міне, дәл солай болды, періште маған тағы да сөйлеп, былай деді: Қара! Міне мен қарадым және Құдайдың Тоқтысын адамдар алып кеткенін көрдім; иә, Мәңгілік Құдайдың Ұлын әлем соттады міне мен оны көрдім және оған куәлік етемін.

33 Міне мен, Нефи, оның айқышқа тартылып, дүниенің күнәлары үшін өлім жазасына кесілгенін көрдім.

34 Міне ол өлтірілгеннен кейін, мен жер бетінде Тоқтының апостолдарына қарсы соғысу үшін қалың жұрттың жиналғанын көрдім, өйткені он екі шәкіртті Жаратқан Иенің періштесі осылай шақырды.

35 Міне жер бетіндегі қалың жұрт жиналды; мен олардың әкем көрген ғимаратқа ұқсайтын үлкен және кең ғимаратта екенін көрдім. Міне Жаратқан Иенің періштесі маған тағы да тіл қатып: Әлем мен оның даналығына қара; иә, міне, Исраил үйі Тоқтының он екі апостолына қарсы соғысу үшін жиналды.

36 Міне дәл солай болды, мен сол үлкен де кең ғимарат әлемнің мақтанышы болғанын көрдім және куәлік етемін; міне ол құлады және оның құлдырауы тым үлкен болды. Міне Жаратқан Иенің періштесі маған тағы тіл қатып, былай деді: Осылайша Тоқтының он екі апостолына қарсы күресетін барлық ұлттар, тайпалар, тілдер мен халықтар жойылатын болады.