Киелі жазбалар
1‑ші Нефи 21


21‑ші тарау

Мәсіх өзге ұлттар үшін нұр болады және тұтқындарды босатады. Исраил соңғы күндері күш арқылы жиналатын болады. Патшалар олардың күтуші әкелеріне айналады. Ишая 49‑бен салыстыр. Шамамен 588–570 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Тағы да: құлақ түріңдер, Уа, Исраил үйі, менің халқымның бақташыларының зұлымдығы үшін талқандалып, қуылғандардың бәрі! Иә, сендердің барлығың талқандалып, жан‑жаққа бытырап кеткен менің халқым, Уа Исраил үйі! Мені тыңдаңдар, Уа аралдар және құлақ түріңдер алыстағы халықтар; Жаратқан Ие мені туған құрсағынан‑ақ шақырды; ол есімімді ана құрсағынан‑ақ атады.

2 Міне ол менің сөзімді семсердей өткір етті; өзінің қолының саясында қорғады және үшкірленген жебеге ұқсас қылды; ол мені өзінің қорамсағында жасырды;

3 Міне ол маған былай деді: Сен менің қызметшім, Уа, Исраил, мен онда даңққа бөленемін.

4 Сонда мен былай дедім: мен еңбегімді зая еттім, күшімді босқа және бекерге жұмсадым; әрине, менің үкімім Жаратқан Иеге тиесілі, ал еңбегімнің әділ бағасы Құдайдың қолында.

5 Ал енді, – дейді Жаратқан Ие, мені құрсақтан жаратқан, Жақыпты оған қайтадан қайтып әкелу үшін, мен оның қызметшісі боламын: Исраил жиналмаса да, мен Жаратқан Иенің көз алдында қадірлі боламын және Құдайым маған күш‑қуат болады.

6 Міне ол былай деді: Жақыптың тайпаларын көтеріп, Исраилдің аман қалғандарын қалпына келтіру үшін менің қызметшім болғаның жеңіл. Мен сені өзге ұлттарға нұр етемін, сонда сен жердің шетіне дейін менің құтқарушым боласың.

7 Жаратқан Ие Исраилдің Өтемшісі, оның Қасиетті Иесі, сол адамнан қорлық көрген, сол халыққа жексұрын болған, билеушілердің қызметшісіне былай дейді: Патшалар көреді және көтеріледі, ханзадалар да адал Жаратқан Иеге табынатын болады.

8 Жаратқан Ие осылай дейді: Уа, теңіз аралдары, мен сені қолайлы уақытта естідім және құтқаратын күні мен сендерді қолдап‑қорғадым; сондай‑ақ мен сені сақтаймын және жерді нығайтып, қаңырап қалған мұраларды иемдену үшін халықпен келісім жасау үшін қызметшімді беремін.

9 Сонда сен тұтқындарға мынаны айта аласың: Шығыңдар! қараңғыда отырғандарға: Көрініңдер! Олар жол бойында тамақтанатын болады және олардың жайылымдары барлық биік жерлерде болады.

10 Олар аштыққа да, шөлге де, ыстық та, күнге де ұрынбайды; өйткені олардың жанашыры оларды жетелейді, тіпті су көздеріне де оларды ол бастап алып жүреді.

11 Міне, мен бүкіл тауларымды жолға айналдырамын, ал үлкен жолдарым биікке көтеріледі.

12 Міне сонда, Уа, Исраил үйі, міне мыналар алыстан келеді, иә, мыналар солтүстік пен батыстан, ал мыналар Синим жерінен.

13 Ән айт, Уа, көк аспан; міне қуаныңдар, Уа, жер! өйткені шығыстағылардың аяғы нығаяды; міне ән салыңдар, Уа таулар; өйткені олар енді ешбір соққыға ұшырамайды; өйткені Жаратқан Ие өз халқын жұбатты және азап шеккендерге мейірімділік танытатын болады.

14 Бірақ Сион мынаны айтты: Жаратқан Ие мені тастап кетті және Жаратқан Ием мені ұмытты, бірақ ол ұмытпағанын көрсетеді.

15 Әлде әйел емшектегі өз сәбиін ұмыта ала ма, құрсағынан шыққан ұлына жанашырлық танытпай ма? Иә, олар ұмытар, бірақ мен сені ұмытпаймын, Уа, Исраил үйі.

16 Міне, мен сені алақаныма жазып түсірдім, сенің қамалдарың үнемі менің алдымда.

17 Сенің балаларың сені қырып – жойғандарға қарсы шығуға асығады, ал сені талқандаған қарсыластарың қасыңнан кетеді.

18 Көздеріңді көтеріп, айналаға қара; бұлардың барлығы жиналып жатыр және олар саған келеді. Мен қалай тірімін, деді Жаратқан Ие, сен олардың барлығын әшекей ретінде міндетті түрде киетін боласың және оларды тіпті қалыңдық ретінде тағасың.

19 Ал сенің ойрандалып қаңырап бос қалған орындарың тұрғындардың көптігінен енді тым тар болып қалады; сондай – ақ сені жалмап келгендер қасыңнан алшақ кететін болады.

20 Біріншісінен айырылғаннан кейін сенде болатын балалар, келіп тағы да сенің құлағыңа былай дейді: Бұл орын маған тым тар, маған тұратын жер бер.

21 Сонда сен жүрегіңде былай дейсің: Балаларымнан айырылып, қаңырап қалған, тұтқында, әрі‑бері көшіп жүргенімді көріп, бұларды кім маған туды? Сонда бұларды кім өсірді екен? Міне, мен жападан‑жалғыз болғанда бұлар қайда болды?

22 Құдай Жаратқан Ие мынаны айтты: Міне мен қолымды өзге ұлттарға созамын және халықтарға туымды көтеремін; сонда олар ұлдарыңды өз қолдарына салып әкелетін болады, ал қыздарыңды иықтарына көтеріп алады.

23 Сонда патшалар күтуші әкелерің болып, олардың ханымдары күтуші әйелдеріңе айналады; олар беттерін төмен түсіріп саған жерге дейін иіледі және аяғының шаңын жалайтын болады; осылай сен менің Жаратқан Ие екенімді білетін боласың; маған үміт артқандар ұятқа қалмайды.

24 Өйткені олжа күштілерден алынады ма, әлде заң бойынша тұтқынға алынғандар босатыла ма?

25 Бірақ Жаратқан Ие осылай дейді, тіпті күштілердің тұтқындары да тартып алынады, ал жеңімпаздың олжасы қайтып алынады; сенімен арпалысып келгенмен Өзім алысамын және сенің балаларыңды Өзім құтқарамын.

26 Міне сол саған қысым жасағандарға мен оларға өздерінің тәнін жегіземін: олар төгілген қандарына тәтті шарап ішкендей мас болады; міне осылай бүкіл адамзат мен Жаратқан Ие, сенің Құтқарушың және сенің Өтемшің, Құдіретті Жақып екенімді білетін болады.