Киелі жазбалар
2‑ші Нефи 24


24‑ші тарау

Исраил жиналып, мыңжылдық демалысқа ие болады. Люцифер бүлік шығарғаны үшін көктен қуылды. Исраил Бабылды жеңеді (әлемді). Ишая 14‑пен салыстыр. Шамамен 559–545 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Өйткені Жаратқан Ие Жақыпқа аяушылық танытады және Исраилді қайта таңдап алып, оларды өз елінде қайтадан орналастырады; ал жат жұрттықтар олармен қосылып, Жақыптың әулетіне жабысады.

2 Міне халық оларды алып және өз еліне қайтып әкеледі, иә, жердің қиыр шеттерінен; және олар уәде етілген жерлеріне қайтып оралады. Міне Исраил үйі оларды иемденіп, ал Жаратқан Иенің жері құлдар мен күңдерге арналатын болады; және олар өздерін тұтқынға алғандарды тұтқын етіп, ал жауыз қанаушының үстінен олар билік жүргізетін болады.

3 Міне бұл дәл солай болады, сол күні Жаратқан Ие сені азап пен қорқыныштан және қызмет етуге мәжбүр еткен құлдықтың ауыр жүгінен азат ететін болады.

4 Міне бұл дәл солай болады, сол күні сен Бабыл патшасына қарсы мына мақалды айтып, былай дейсің: Жауыз қанаушы қалай тыйылды, алтын шаһар жойылды!

5 Жаратқан Ие зұлымдардың таяғын, билеушілердің аса таяғын сындырды.

6 Сол үнемі адамдарды тоқтатпай жаншып ұрғылаған, сол халықтарды ашулана қудалаған енді қудалаудың астында және ешкім кедергі жасамайды.

7 Бүкіл жер демалуда және тынығуда; олар ән шырқайды.

8 Иә, шыршалар да, Ливанның балқарағайлары да қуанышқа кенеледі, былай деп: Сен тақтан құлағалы бізді шауып құлатуға ешкім келмейді.

9 Аспан асты дүниесінің тозағы сенің келуіңді күтіп қозғалуда; ол сен үшін өлгендерді, яғни жер бетіндегі барлық көсемдерді орындарынан тұрғызады; ол барлық ұлттардың патшаларын тақтан көтерді.

10 Олардың бәрі саған тіл қатып былай дейді: Сен де біз сияқты әлсіз болдың ба? Сен де бізге ұқсас болдың ба?

11 Бүкіл сән‑салтанатың қабірге қойылды; сенің күй‑сазыңның шуы естілмейді; сенің астыңа құрттар төселіп, ал жамылғың жауын құрттары болды.

12 Аспаннан сен қалай құлап түстің, Уа Люцифер, таң ұлы! Ұлттарды таптап келген сен өзің қалайша жермен жексен болдың!

13 Өйткені жүрегіңде былай дегенсің: мен көкке көтерілемін, тағымды Құдайдың жұлдыздарынан жоғары орнатамын; мен тағы қиыр солтүстікте орналасқан жиналатын таудың басында жайғасамын.

14 Мен биік бұлттардан да жоғары көтерілемін; Мен Хақ Тағала сияқты боламын.

15 Сонда да сен тозаққа, жер қойнауының түбіне лақтырылатын боласың.

16 Сені көргендер саған қадағала қарап, ой елегінен өткізіп, былай дейді: Жерді дүр сілкіндірген, патшалықтарды шайқалтқан адам осы ма?

17 Мына дүниені шөл далаға айналдырып, ал оның қалаларын қиратып, тұтқынға түскендердің үйін ашпай қойған жоқ па?

18 Ұлттардың барлық патшалары, иә құрметтеп қойылған, әрқайсысы өз үйлерінде жатыр.

19 Бірақ сен жиіркенішті бұтақшадай қабіріңнен лақтырылып тасталдың, ал семсердің жүзінен қаза тапқандар тастардың астына лақтырылды, табан астында тапталған өлекседей.

20 Сен олармен бірге жерлеуде қосылмайсың, өйткені сен өз еліңді талқандап, өз халқыңды құрттың; зұлымдардың тұқымы ешқашан даңққа бөленбейді.

21 Әкелерінің заңсыздықтары үшін оның балалары үшін қырғын дайындаңдар, олар бас көтеріп, жерді иемденіп, дүние жүзін өз қалаларымен толтыра алмасын.

22 Өйткені мен оларға қарсы көтерілемін, – дейді Әскербасы Иесі – және Бабылдың атын да, тамтығын да, ұлын да, жиенін де сырып тастаймын, – дейді Жаратқан Ие.

23 Мен оны сұр құстың меншігіне және мибатпақ даласына айналдырамын; сондай‑ақ мен оны қырып‑жоятын сыпырғышпен сыпырып тастаймын, – дейді Әскербасы Жаратқан Ие.

24 Әскербасы Иесі былай деп ант еткен: Менің ой‑ниетім шүбәсіз іске асады; және мен қалай бағыттасам, дәл солай орындалады –

25 Мен Ассурлықтарды өз жеріме әкеліп, оны өз тауларымда басып тастаймын; сонда оның мойнынан олардың мойынтұрығы алынып, ал олар көтерген ауыр жүктерінен арылады.

26 Бұл — бүкіл жер бетінінің алдына қойылған мақсат; және мынау — барлық ұлттардың үстінен созылған қол.

27 Өйткені Әскербасы Иесі осыны ұйғарды, мұнысын орындатқызбайтын кім бар? Міне оның қолы алға созылып тұр, ал оны тоқтата алатын кім бар?

28 Ахаз патша қайтыс болған жылы осындай хабар келіп жетті.

29 Бүкіл Філістір елі, сол сені ұрып‑соққан таяқ сынды деп шаттанба; өйткені жыланның тамырынан жылан шығады және оның жемісі ұшатын отты жылан болады.

30 Міне кедейдің тұңғышы тамақтанады, ал мұқтаждар қауіп‑қатерсіз тынығып жатады; және мен сенің тамырыңды аштықпен өлтіремін, ал ол сенің тамтығыңды қырады.

31 Еңіре, Уа, қақпа; зар жыла, Уа, қала; сендер, бүкіл Філістірлер жері қирап қалды; өйткені солтүстіктен құйын бұлт келе жатыр, ал белгіленген уақытта ешкім жалғыз қалмайды.

32 Сонда ұлттардың хабаршылары не деп жауап береді? Жаратқан Ие Сионның негізін қалады және оның халқының кедейлері оған сенім артады.