Киелі жазбалар
2‑ші Нефи 8


8‑ші тарау

Жақып Ишаядан оқуын жалғастыруда: Соңғы күндерде Жаратқан Ие Сионды жұбатып, Исраилді жинайды. Құтқарылғандар зор қуанышпен Сионға келеді. Ишая 51 мен 52:1–2 салыстыр. Шамамен 559–545 ж. Иса Мәс. дейін.

1 Әділдікке ұмтылғандар, сөзіме құлақ асыңдар. Өздерің қандай жартастан қашалып және қай ордан қазылып алынғандарыңа қараңдар!

2 Сені дүниеге әкелген ата‑бабаң Ыбырайым мен Сараға қара; өйткені мен оны жалғыз шақырып алып, оған батасын бердім.

3 Өйткені Жаратқан Ие Сионды жұбатады; оның қаңырап бос қалған жерлерін жұбатып, ол оның шөл даласын Едемдей, ал шөлін Жаратқан Иенің пейіш бағындай етпек. Онда қуаныш пен шаттық, шүкірлік пен әуеннің үні естілетін болады.

4 Мені тыңда, халқым; маған құлақ ас, уа, халқым! Өйткені, менен заң шығады, мен өз үкімімді халықтар үшін нұрға айналдырамын.

5 Менің әділдігім жуырда; менің құтқаруым шықты және менің қолым адамдарды соттайды. Аралдар мені күтіп, қолыма сенім артады.

6 Көзіңді көкке көтеріп, астыңдағы жерге қара; өйткені аспан түтіндей ғайып болып, жер киім сияқты тозады; оның тұрғындары да сол секілді өлетін болады. Бірақ менің құтқаруым мәңгілік болады, әділдігімнің шегі болмайды.

7 Мені тыңдаңдар, әділдікті білетіндер, жүрегіне заңымды жазған адамдар, пенденің қорлауынан қорықпаңдар және олардың қарғауынан да түңілмеңдер.

8 Өйткені көбелек оларды киім сияқты жейді, ал құрт оларды жүн сияқты жейді. Бірақ менің әділдігім мәңгілік, ал құтқаруымның игілігі ұрпақтан ұрпаққа жалғаса бермек.

9 Оян, оян! Күш‑қуатқа бөлен уа Жаратқан Иенің қолы; өткен күндердегідей оян! Рахабты талқандап, айдаһарды жаралаған сен емессің бе?

10 Теңізді, өте терең суларды құрғатып, теңіздің терең жерлерін төлемшілер өте алатындай етіп жол қылып жатқан сен емессің бе?

11 Сондықтан Жаратқан Иемен құтқарылғандар қайтып және Сионға ән айтып келеді; олардың бастарында мәңгілік қуаныш пен киелілік болады; және олар шаттық пен қуаныш табады; уайым мен қайғы жоғалады.

12 Мен олмын; иә, сені жұбататын менмін. Міне, өлетін адамнан, шөптей болып қалатын адамның ұлынан қорқатындай сен кімсің?

13 Міне сендер көкті жайып, жердің іргетасын қалаған, сендердің Жаратқан Иелеріңді ұмыттыңдар, ал сенің жәбірлеушің сені жоюға дайын тұрғандай, сен оның қаһарынан күн ұзағына үрейің ұшып қорқасың. Ал қазір сол жәбірленушінің қаһары қайда?

14 Тұтқын босатып алу үшін, шұңқырда өлмеу үшін, наны таусылмау үшін асығады.

15 Бірақ мен толқындарын гүрілдететін сенің Құдай Иеңмін; Әскербасы Ие — менің есімім.

16 Міне аузыңа сөздерімді саламын және сені қолымның көлеңкесімен ұстап қорғаймын. Көкті күмбездей орналастырып, жердің негізін салып бекіткен өзіммін. Сен өз халқымсың, – деп Сионға былай айтамын: Сен өз халқымсың.

17 Оян, оян, орныңнан тұр, уа Жаратқан Иенің қолынан оның қаһарының тостағанын ішкен Иерусалим, сен діріл тостағанның шөгіндісін түбіне дейін іштің.

18 Ал міне оны туып‑өскен барлық ұлдарының арасынан оны жетелейтін ешкім болмады; не оны өсірген барлық ұлдарының қолынан ұстайтын ешкім болмады.

19 Мына екі ұл саған келді, – қаңырағаның мен жойылуыңа, ашаршылық пен семсерге сені кім аяйды және сені кіммен жұбатайын?

20 Осы екеуінен басқа ұлдарың құлап, есінен танып қалды; торға түскен жабайы бұқа сияқты, олар барлық көшелерде жатыр; Олар Жаратқан Иенің қаһарына, Құдайдың сөгісіне толы.

21 Сондықтан, енді мынаны тыңда, сен шарап ішпей‑ақ мас болған, қиналған.

22 Жаратушы Иең, өз халқының ісін қорғаушы Құдайың, былай дейді: Міне, мен сенің қолыңнан діріл тостағанын, ашуымның тостағанының тұнбасын алдым; сен оны енді ішпейсің.

23 Керісінше, сені азапқа салғандардың қолына беремін; олар сенің жаныңа: Жерге етпетіңнен жат, біз сенің үстіңнен жүрейік – деп, ал сен өз денеңді жер және өзіңнен өтетіндер үшін көшедей тостың.

24 Оян, оян, уа, Сион, күшіңді жина; Уа Иерусалим, қасиетті қала, салтанатты киіміңді ки; өйткені сүндеттелмеген және таза емес адамдар енді араларыңа кірмейтін болады.

25 Уа Иерусалим, отырған жеріңнен тұрып, шаңынды қағып тастап, орныңа жайғас. Мойныңдағы шынжырларды алып таста, тұтқындалған Сион қызы.